Медресенің ашылу тарихы

Қоғамның қай саласы болмасын үнемі дамып, ілгерілеп, алға басуы үшін әлеуметтің рухани дамуы да қатар жүруі тиіс. Адамзат рухани байый түспей, кемелдік шыңын бағындыра алмайды. Осы жолда мектеп-медреселер мен имандылық орындардың орны ерек.

Осыған орай, 2008 жылы қазан айында Ақтөбедегі «Нұр-Ғасыр» мешітінің жанынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен облыста тұңғыш рет ресми түрде «Ақтөбе медресесі» ашылды.

Медресе қызметінің басты мақсаты – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсібін шыңдауға бағытталған діни білім беру. Мұнда дін қызметкерлерін, соның ішінде теологтар мен дінтанушыларды даярлаудың оқу бағдарламасын іске асыру арқылы ислам және иман негіздері оқытылады.

Шәкірттердің жан-жақты, нағыз тұлға болып қалыптасу жолында білікті де ілімді,  өз ісінің шеберіне айналған мамандарымыз аянбай қызмет атқаруда.

Мамандарымыздың барлығы дерлік, жоғарғы білімді болғандықтан, медреседе  білім  сапасы  жақсы деңгейде екендігін сеніммен айта   аламыз.                                          Медресе колледж студенттерінің білім деңгейі әр  уақыт  бақылауда болып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оқу-ағарту бөлімінің қызметкерлері арнайы келіп қорытынды емтихандарын  жүргізіп, медресе жұмысының тыныс-тіршілігімен танысып отырады.

Бүгінгі күнге дейін «Ақтөбе медресе колледжін» 61 түлек тәмамдады.
Медреседе оқуға ниеттенген шәкірттер саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Бұл көңіл сүйсінерлік жайт.
2017-2018 оқу жылында «Ақтөбе медресе колледжіне» білім алуға 38 талапкер келіп, оның 30 оқуға қабылданды.
Қазіргі таңда «Ақтөбе медресе колледжінде» барлығы 71 шәкірт білім алуда. 2011-2017 жылдар аралығында бітіруші түлектер саны – 72.
Шәкірттердің алаңсыз білім алып, еш кедергісіз ілімге ынта қоюлары үшін колледждің 2 кабатынан 80 орындық жатақхана бөлмелері, кітапхана мен төменгі қабатта тахарат бөлмесі және намазхана қарастырылған.
Сонымен қатар, Ақтөбе медресе колледжі ғимараты жанынан 2015 жылы жаңа асхана бой көтеріп, қолданысқа берілді. Қоғам игілігі үшін салынған 200 адамдық асхана түрлі діни рәсімдер мен шағын той-жиындарға арнайы қызмет көрсетеді.

Оқу орнымыз 2016 жылы 20-желтоқсанда «Ақтөбе медресесі» колледж болып, қайта тіркеліп үлкен дайындықпен жұмысына кірісті. Осы мақсатта, 2017-2018 жаңа оқу жылына түскен 25 студентке мемлекеттік тапсырыс бойынша грант бөлініп, оларға әр айда мемлекеттік 16759 теңге шәкіртақы тағайындалды.
Сондай-ақ, рахымы мол қолы ашық ел азаматтары колледж шәкірттеріне сыйақы тағайындап, әр кез ынталандырып тұрады. Екінші және үшінші курс студенттері арасында ай сайын «Ең білімді! Ең тәртіпті, әдепті шәкірт!» атты сыйақы жарысы өтеді, осы сайыста студенттердің барлығына медресе демеушілері тарапынан қолдау көрсетіліп, бірінші, екінші, үшінші орынға иеленгендерге 9000т, 7000т, 5000т шамасында шәкіртақы тағайындалып, орынға иеленбеген білім алушыларға ынталандыру мақсатында 2000 теңге беріледі.

Дәстүрлі дініміз үшін жасалып жатқан әрбір іс келешек ұрпақ пен жалынды жастардың кемелділік шыңын бағындыруға деген бірден-бір көмек. Жаны таза, көңілі пәк, шынайы мұсылман қалыптастыру – қоғамды тәрбиелеудің ізгі жолы.
Жүзіміз жарқын, рухымыз асқақ ұлт болуымыз үшін баламызды бесіктен бастап тәрбиелеуге тиіспіз. Ал адал жолға бастау, хақтың дінін таныту, үйрету, тәлім-тәрбие беру — имани орта мен мешіт-медреселердің бір парызы.