Мақалалар

ОТАНДЫ СҮЮ-ИМАННАН

27 ақпан 2019

«Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны сияқты, 

Отансыз да өмір сүре алмайды».

К.Паустовский

Жаратушы Рахман Иеміз күллі адамзат баласын бір-бірлерін танып білулері үшін түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратты. СОЛ ұлыс пен ұлттардың тілі мен жері өз халқының аманаты. Əр пенденің елі мен ұлтын сүюі оның жаратылысындағы өзгермес қадиғасы. Отансыз адамның ормансыз бұлбұл секілді туған өлкесінен жырақ кетуі  жүрегін сағыныш пен толқынысқа толтыратыны сөзсіз. Осы бір аласұрған сезімді сезініп, жаугершілік замандарда тағдыр тəлкегімен жат елдерге айдалған ата-бабаларымыз «Туған жердің бір уыс қара топырағын құшсам, арманым болмас», деп аңсап өткен.Иə, қолда тұрған алтынның қадірі болмайтыны секілді өз жерінде, туған өлкесінде қамсыз жүрген кез-келген адам бабаларымыздың бұл  күйін жете түсіне алмас, сірə! Ал Отанды риясыз сүюіп, қадіріне жету үшін терең иман керек. Олай дейтін себебім, «Опасыз да отан жоқ. Отанда опасызға орын жоқ»(Б.Момышұлы) демекші, иманы кəміл тұлға ғана өз елін шын сүюе алады. Отанды шын сүюді мұсылман баласына үйреткен əлбетте ол ардақты елші, адамзат баласының асыл тəжі -Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) еді. 

         Асыл елші өз елінен қуылған уақытта , артына бұрылып: «Уаллаһи! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ.Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сəтке де алыстамас едім,» деп ерекше толқыныспен тебіргенген еді. Сондай-ақ, кейбір риуаяттарда Меккеге қарап «Отаным. Менің Отаным» деп, қимастық сезімімен туған өлкесіне көз тастағандығы айтылады. 

       Пайғамбарымыз өз туған өлкесін ғана қадірлеп қоймай, « Кімде-кім бір мұсылман елінде тұратын өзге ұлт өкіліне қиыншылық көрсетер болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін», деп  өзгелердің де Отаны мен өмір сүру салтына (дінге қайшы келмейтін) құрметпен қарауды үмметіне өсиет етті. Сонымен қатар, «Кімде-кім бізбен бейбіт келісімдегі өзге дін өкілін өлтірсе, жəннаттің иісін де сезбейді……», деп, қоғамдағы əр бір ұлттың мүддесін қорғай отырып, өз заманындағы бейбітшілік пен ынтымақ бағын гүлдете түсті. Осындай кемел саясатты ұстанған Адамзаттың абзалы Пайғамбарымыз кемел мінезқұлқымен риясыз отансүйгіштің жарқын үлгісін көрсете білді.

    «Екі көз тозақ отына күймейді: 1.Күнəсына өкініш білдіріп , оңашада егіліп жылаған көз. 2.Отанын қорғап шекара күзеткен көз», деп, елінің қауіпсіздігіне жауапкершілік қараудың маңызиоразан зор екендігін де бір ауыз өзбен ұқтырған. 

      Иә, Пайғамбарымыздың тұнық тəрбиесінен сусындасақ ел мен жердің қадірін ұғып, оған адал қызмет етудің қаншалықты абыройлы міндет екенін түсінеміз. Елімізге, ұлтымызға қалтқысыз қызмет ету, атағыңды айға шығару емес, өз елінде өмір сүруші əр адам өз міндетіне адал болса, мысалы: дəрігер науқастарды мейіріммен емдесе, мұғалім шəкіртінінен бар білімін аямаса, жауынгер ұлтын қырағылықпен қорғаса, əке жанұясын адал аспен асырап, қамқор болса, (тағысын тағы) осының бəрі құрала келіп теңізге тамған тамшыдай мемлекеттің нығаюына септігін тигізеді. Өйткені,  «Отан-отбасыдан басталады!»

    Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың: «Отан-өткенімізді танып, бағалай білу, ең əуелі , өзімізді қадірлей білу», дегеніндей, «Мен отаныма не бере аламын?» деп, өз жұртына жаны ашыған жан ғана мақсатының биік шыңына шыға алады. Өйткені, біздің « Бұл дүниеде бір ғана Отанымыз бар. Ол- тəуелсіз Қазақстан!» (Н.Назарбаев).

   

Айгерім Ерболатқызы.

Ақтөбе медресе колледжінің

сайт қызметкері.

"

4