Ғибратты оқиғалар

Ғибратты оқиғалар

Гүлдер әлемі

09 наурыз 2020

Бақшамызда өсетін сары-қызыл, түрлі-түсті, сан алуан хош иісін аңқытып, адам баласын өзіне тамсандырып қаратпай қоймайтын гүлдерге бір рет болса да, ойлана-толғана, ғибрат көзімен қарайықшы. Иә, гүлдер кішкене түйір дәннен жер қойнауын жара шығып, бұл дүниеге келеді. Сабағы мен жапырағы жасыл тартып, гүлі шоқтай болып мың бір түрлі реңмен боянады. Үлбіреген нәзіктігіне, адам баласының қиялына келе бермейтін әр түрлі ою-өрнегіне, ондағы көркем эстетикаға, мүлтіксіз симметриялы ғажайып формасына, аңқыған сан алуан жұпар иісіне, қауырсынындағы өмірін жалғастырар мұрагері – ұрығына қараңызшы… Қандай ғажап?! Неткен әдемілік? Жерге қараңызшы, гүлдердегі сан алуан, түрлі- түсті реңдерді көре аласыз ба? Гүлдерден аңқитын, бір- біріне ұқсамайтын әр түрлі жұпар иісті топырақтан иіскеп сезе аласыз ба? Жер бетіндегі жайқалған барлық гүл атаулының нәр қойнауы саналатын топырағы, аймалаған күн сәулесі, ішетін сулары мен жұтатын ауалары бірдей болғанымен, өздері әр түрлі, сан алуан. Бұл таң қаларлық нәрсеге таң қалмай, қолымызбен жасаған пластмас гүлдерге таң
қалайық па? Бұл да кездейсоқтық па, жоқ, әлде құдіреті күшті Ұлы Жаратушының бізге ұсынған сыйы ма? Егер мұны да кездейсоқтықтың түсініксіз кездейсоқтығы жасады десек, сол кездейсоқтың жасағанын адам баласы ақылымен асып түсіп, одан да кереметін жасауы керек еді ғой. Өйткені ақыл кездейсоқтықтан әлдеқайда үстем емес пе? Бірақ адам баласы осы күнге дейін нәзіктіктен мақұрым, қоқайып, қатып қалған, өніп-өспейтін жансыз, жасанды пластмас гүлдерден асырып, артық ешнәрсе жасай алмады, жасауы да мүмкін емес!
Кездейсоқтың жасады деген нәрселерін лабораторияда түрлі-түрлі құралдардың көмегімен ақыл иесі – адам баласы жасай алмаса, ойлап қарайықшы, ақылсыз
кездейсоқтық қалай жасамақ?! Олай болса, барлық жаратылысты, адамның ақылын да жаратқан тылсым құдірет – Ұлы Алла жаратқан деп мойындау ақылдының жолы болса керек.
"Имани гүл" кітабынан…

1