Мақалалар

Исламдағы рухани-тәндік тазалық

30 маусым 2020

Тазалық – Ислам аса мән берген діни міндет және денсаулықтың маңызды шарты болуымен қатар, адамдық қасиет пен абырой қажет ететін табиғи құблыс.[[1]]

Иә, ислам сөзі мен тазалық-пәктік сөзі егіз ұғым. Ислам дегенде пәктік-тазалық түсінілгені сияқты, тазалық-пәктік дегенде де ислам діні түсініледі.  Олай дейтініміз, барша адамзат баласына әдептіліктің шыңын үйреткен әрі, өзі де ұлы көркем мінез-құлық иесі болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадис шарифінде:

بُنِيَ الْاِسْلامُ عَلَي النَّظَافَةِ

Ислам тазалыққа құрылған,[[2]] - десе және бір хадисінде:

تَنَظَّفُوا فإنَّ الإسلامَ نظيفٌ

«Таза болыңдар, өйткені ислам пәктік, [[3]] -деп тазалыққа бұйырған.

Бұл хадистерде Ислам – тазалық-пәктік діні деудегі мақсат, пенденің тек қана ақыл-санасы, іс-қимылы мен тіршілігінің тазалығына ғана емес, адам тәнінің материалдық тазалығымен қоса рухани тазалығын да айтуда. Мысалы, бір адамның сана-сезімі жоғары, пейілі таза, іс-әрекеті қоғамға пайдалы, тіпті бір қарағанда оның үсті, киімі де таза болуы мүмкін. Алайда, оның тәндік рухани тазалығы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, адам заттық жағынан таза болғанымен, рухани-тәндік жағынан таза бойынша, ислам шариғатында ол толық – таза, пәк деп саналмайды. Оның себептеріне кейін тоқталамыз.

Дегенмен, ислам діні қиындату үшін емес, керісінше жеңілдету үшін келген  дін болғандықтан шамасы келгенше, мүмкіндігі барынша барлық жағынан адам өзін таза ұстауға шақырады, бұл ұлы діннің ерекшелігі де осы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):

تَنَظَّفُوا بكلِّ ما استطعتم، فإن اللهَ بَنى الإسلامَ على النظافةِ، ولن يَدخُلَ الجنةَ إلا كلُّ نظيفٍ

Шамаларың келгенше таза-пәк болыңдар. Расында, Алла тағала ислам дінін тазалыққа құрған. Сондықтан, жәннатқа тек қана таза-пәктер кіре алады, [[4]] - деген.

Ең әсерлісі, әз. Пайғамабарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде Ислам дінінің өзегі иман болса, сол иманға шақыратын ол тазалық екендігін де ескертеді:                                    

النَّظافةُ تدعو إلى الإيمانِ والإيمانُ معَ صاحبِهِ في الجنَّةِ

«Тазалық кісіні имандылыққа шақырады, ал иман өз иесімен жәннатта бірге», [[5]] - дейді.

Ислам шариғаты осы айтып жатқан тазалықты алдыменен рухани  және тәндік тазалық деп екіге бөліп қарастырады. Бұл екеуі адам бойында табылса  ғана ол толық қанды мұсылман болып саналады. Оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үлкен жанашырлықпен айтқан өсейттерінен нақты түсіне аламыз.  Расында, кез келген нәрсенің сапалы, әрі жарамдылығына екі нәрсе, яғни сыртқы тазалығы мен ішкі қоспасыз таза болуы қажет. Адамның кәміл пәк  болуы үшін де дәл солай, жан мен тәні таза болуы міндет. Ол үшін, адамға рухани - жаны пәк болудан алдын тәндік тазалығы қажет болады.

Тәндік тазалық та екіге бөлінеді, біріншісі мадди – заттық, ғылыми тілде айтар болсақ гигиеналық тазалық, екіншісі мағнауи – яғни рухани тазалық.

Мадди тазалық деп адам өз бойын түрлі лас-кірлерден таза ұстауын айтады. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с) барша үмметтеріне лас-кірлерден тазарудың алғы шарты ретінде кемінде жетісіне бір мәрте жуынып жүруді міндеттейді:

عَنْ عَبْد الله بن عباس: الْغُسْلُ وَاجِبٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ فِي سَبْعَتِ أَيَّامٍ

Жетісіне ғұсыл құйыну жуыну әр бір мұсылманға уәжіп.[[6]]

Сондықтан ислам ғалымдары күнделікті бес мәрте оқылатын намазға дәретті – таза болу парыз десе, енді, аптасына бір рет шомылу, бар болмысы таза болу Ханафи мазһабы бойынша сүннетте, басқа ғұламалар уәжіп  деп білген.

Бұл бір жағынан осы тазалық арқылы қоршаған орта, қоғамның мән мағынасы жақсарып, жоғарылай бастайды. Расында, адам бойын таза ұстап, тіршілікте ұқыпты жүруі көпшілік ортада өзіне өзі көңіл бөлетіндігін ұқтырады, әрі өзгелер алдында өзіне деген сый-құрметін оятады. Ал, үсті-басын тәртіпке келтірмей, салдыр-салақ жүретін ұқыпсыздар кез келген кісіні ренжітетіні ақиқат.

Екінші жағынан жуыну өзінің денсаулығын жақсарту яғни адам жуыну арқылы бойдағы жағымсыз иістерден тазару мен бірге өзіне салауаттылықты әкеліп, түрлі ауру сырқаттан айықтырады. Қазіргі күні ғылымда судың денедегі қуатты реттеп, жүйке жүйесін тыныштандырып, ревматизм ауруларына оң септігін тигізетіні, күнделікті стрессті жойып, адамға күш қуатпен сергектік сыйлайтыны, қан  айналымын жақсартып, теріні демалдыратыны айтылады.

Міне, осылайша дініміз ғұсылды міндеттей отырып, дене күтіміне ерекше көңіл бөлген.

Осыдан кейін әрдайым тазалықты талап ететін ағза ол – қол. Қол тіршіліктің, тұрмыстың,  басты құралы болғандықтан шариғатымыз оны таза ұстауға айрықша мән берген.  Сол үшін, сүннет бойынша тамақтанардан алдын және кейін, ұйқыдан тұрғанда, тағы басқада жұмыстарды бастарда қолды жууды бұйрады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның хадисінде:

بركة الطعام الوضوء قبله والوضوء بعده

Ас жеуден алдың және ас жеуден кейін қолыңды жу,[[7]] - деген.   

 Ал, бетті жууда кейбір ғылыми деректерде тазалықтан  өзге  сергектендіру сияқты тағы басқада пайдалары мол. Бетпен қоса мойынды да жуу миды қоректендіріп, қан тамырларын шынықтыра түседі дейді.

Ауыз бен тіс тазалығы да мұсылмандарға көп өсиет етілгендерден. Пайғамбарымыз (с.а.с) ауыз бен тіс күтіміне ерекше көңіл бөлгендігі соншалықты өзінің хадисінде былай дейді:

فَلَوْ لَا أَنْ أَشُقَّ عَلَى أُمَّتِى لَفَرَضْتُ السِّوَاكَ عِنْدَ كُلِّ صَلَاةٍ

«Егер үметіме қиындық туғызбайтынын білгенімде, әр намаздың алдында мисуәк қолдануды бұйырар едім»[[8]] -десе. Екінші бір хадисінде:

تَسَوَّكُوا: فَإِنَّ السِّوَاكَ مَطْهَرَةٌ لِلْفَمِ

«Мисуәк қолданыңдар, мисуәк ауызды жақсы тазалайды».[[9]]

Расында тісті күнделікті бірнеше мәрте тазалау түрлі аурудың алдын алады. Мутауатир хадисте Аллаһ елшісі (с.ғ.с.):

تَسَوَّكُوا: فَإِنَّ السِّوَاكَ مَطْهَرَةٌ لِلْفَمِ، مَرْضَاةٌ لِلرَّبِّ،  مَا جَاءَ فِي جِبْرِيلُ إِلَّا أوْصَانِي بِالسِّوَاكِ حَتَّى لَقَدْ خَشِيتُ أَنْ يَفْرِضَ عَلَيَّ وَعَلَى أُمَّتِي وَلَوْلَا أَنِّي أَخَافُ أَنْ أَشُقَّ عَلَى أُمَّتِى لَفَرَضْتُهُ عَلَيْهِمْ، وَإِنِّى لَأَسْتَاكُ حَتَّى خَشِيتُ أَنْ أُحْفِيَ مَقَادِمَ فَمِي

«Тісті мисуәкпен тазалаңдар. Мисуәк – ауыз тазалығының кепілі, әрі Алланың разылығына бөлейді.  Жәбірейіл періште бір келгенде мисуәк қолдануды мұқият тапсыратыны соншалықты, бұл маған және үмметіме парыз болар деп қорқушы едім. Үмметіме қиындық тудырмайтынын білсем, мұны парыз етер едім. Мисуәкті өз басым жиі қолданатыным соншалық алдыңғы күрек тістерімнің түбі босап кетеме деп қауіптенетінмін»,[[10]] -деген екен.

Енді бір хадисте:

إِنَّ أَفْوَاهَكُمْ طُرقُ الْقُرْآنِ فَطَهِّرُوهَا بِالسِّوَاكِ

 «Расында ауыз Құран оқитын ағзаларың, оны мисуәк қолданып таза ұстаңдар!»,[[11]] - делінген.

Хазіретті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және бір өсиетінде мұрынды да су алып тазалап жүруді айтқан: «Ұйқыдан тұрғанда үш мәрте кеңсірікке су жіберіп сіңбіріңдер!»,[[12]] -деген.

Мұнан өзге шаш, сақал, мұрт, тырнақ тазалықтары да бар.

عن أبي الدرداء: الطَّهاراتُ أربعٌ: قَصُّ الشاربِ، وحَلقُ العانةِ، وتَقليمُ الأظفارِ، والسِّواكُ

«Тазалық ол төрт нәрсе, мұртты басу, қолтық пен кіндіктің төменіндегі түктерді алу, тырнақты қысқарту, тісті тазалау».[[13]]

Осы жоғары айтылған мәселелердің барлығы да мадди-заттық тазалықтар.

Ал, тәннің мағынауй кірлерден (күнәлардан) тазаруы, яғни рухани пәк болуы ғұсыл құйыну, дәрет, тайямум және шариғаттың т.б. жолдарымен жүзеге асады.

Бұл жердегі ғұсыл мен жоғарыда айтылған ғұсылдың парыздары бірдей болғанмен үкімдері екі түрлі. Ол жердегі ғұсыл құйыну лас-кірлерден тазару болса, ал, мына ғұсыл құйыну мағынауи кірден, яғни күнәдан тазару болып табылады. Мысалы, ислам дінін қабылдаған кісі алдымен ғұсыл құйынып жуынуы міндет. Өйткені, ол исламды қабылдағанға дейін мағынауй-рухани нәжіс болып саналады. Ал, исламды қабылдап, ғұсыл құйынған соң алдыңғы барлық күнәларынан тазарып, анасынан жаңа туылған сәбидей пәк болады. Яғни, Ислам діні оның бұрынғы күнәларының барлығын кешеді.

Мағынауи пəктенудің екінші жолы дәрет алу. Мұсылман адам әрдайым дәрет алып жүрсе өте жақсы, ең болмағанда күніне бес уақыт намазына бес рет дәрет алу сүннет. Дәрет пенденің бойында пайда болып жатқан мағынауи ласты яғни күнәларды кетіреді. Қысқаша айтар болсақ, дәрет Жаратқанның құзырына пәк - таза күйде тұруына жол ашады. Онысыз Құдайға деген құлшылық дұрыс емес .

 Пайғамбарымыз ( с.а.с ) өзінің хадисінде :

عن أبي أمامة الباهلي قال: سمِعْتُ رسولَ اللهِ يقولُ مَن توضَّأ فأحسَن الوُضوءَ ذهَب الإثمُ مِن سمعِه وبصرِه ويدَيْهِ ورِجْلَيْهِ

Абу Умама әл-Баһилиден келген хадисте, Ол: Мен Расулуллаһтың (с.ғ.с.) кімде-кім дәрет алса, дәрет алғанда барлық шартарын жақсылап орындаса күнә құлағынан, көзінен, қолы мен аяғына төгіліп кетеді,[[14]] -дегенін естідім дейді. 

عن أبي هريرةَ أَنَّ رسولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: إِذا تَوَضَّأَ العبدُ المُسلِمُ أَوِ المؤْمِنُ فَغَسَلَ وجهَهُ خَرَجَ مِنْ وَجهِهِ كلُّ خطِيئَة نَظَرَ إِلَيْهَا بِعيْنيْهِ مَعَ الماءِ أَوْ معَ آخرِ قَطْرِ الماءِ، فَإِذا غَسَلَ يديهِ، خَرَجَ مِنْ يديهِ كُلُّ خَطيئَةٍ كانَ بَطَشَتْهَا يداهُ مَعَ المَاءِ أَوْ مَعَ آخِر قَطْرِ الماءِ، فَإِذا غَسَلَ رِجْلَيْهِ، خَرَجَتْ كُلُّ خَطِيئَةٍ مَشَتْها رِجلاه مَعَ الماءِ أَوْ مَع آخرِ قَطرِ الماءِ، حَتَّى يخرُجَ نَقِيًّا مِن الذُّنُوبِ.  رواه مسلم.

Абу Һурайрадан (с.ғ.с.) келген хадите, Расында Расуллаһ (с.ғ.с.) айтты: егер мусылман немесе мумин пенде дәрет алса, дәрет алып жатып бетін жуса көзімен көрген барлық күнәлары сол сумен немесе сол судың соңғы ташысымен бетінен төгіледі, қолын жуғанда қоолымен жасаған, аяғын жуғанда аяғымен жасаған барлық күнәлар сол сумен немесе сол судың соңғы тамшысымен төгіледі. Ақыр соңында пәк болып шығады,[[15]] -деп рухани тазарудың жолын жіткізген.

Тәндік-рухани тазарудың үшінші жолы тайямум соғу. Бұл үкім құранда айтылғандай су болмаған кезде немесе су бола тұрып ( әр түрлі жағдайлармен ) пайдалана алмайтын кезде таза топыраққа немесе топырақ жынысты нәрсеге қолдарын соғып бетіне, екінші рет қолдарына мәсіх тарту. Исламдағы тәндік-рухани пәктенудің жолын Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَإِنْ كُنْتُمْ مَرْضَىٰ أَوْ عَلَىٰ سَفَرٍ أَوْ جَاءَ أَحَدٌ مِنْكُمْ مِنَ الْغَائِطِ أَوْ لَامَسْتُمُ النِّسَاءَ فَلَمْ تَجِدُوا مَاءً فَتَيَمَّمُوا صَعِيدًا طَيِّبًا فَامْسَحُوا بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَفُوًّا غَفُورًا

«Науқастанып қалсаңдар, яки жолда болсаңдар, не болмаса біреу түзге отырып келсе, яки әйелдеріне жақындасып, су таба алмасаңдар,таза жерге тәйямум соғып, беттеріңді, қолдарыңды сипап, мәсіх тартыңдар[[16]]  -деп үзiрлі жағдайда қалай мағынауи пəктенуді үйретті.

 Мұнан өзге қажылық жасау. Абу Һурайра (р.а.) риуаят етеді:

من حَجَّ هَذَا البَيْتَ فلم يَرْفُثْ ولم يَفْسُقْ رَجَعَ كَمَا وَلَدَتْهُ أُمُّهُ

 Наби (с.ғ.с.): Кім Алла үшін қажылық жасаса, жаман сөз айтпаса және әдепсіз қылық жасамаса, дәл анасынан туылған күніндей пәк болып қайтады,[[17]] -деген.

Сондай – ақ ораза ұстауда пенденің пәк болуына ықпалы орасаң зор. Тіпті екі адам шынайы ықыласпен бір-бірмен қол беріп амандасқанда алақандарынан талдың жапырақтары секілді күнәлары төгіледі деген сүйінші хабарлар да бар.

Міне көріп тұрғанымыздай өзіне тәндік-рухани тазалықты қалаған адамға шариғатымыздың үйретері көп. Бар болғаны адамның өзінде тазарамын деген ниет болса болды. Ал, мені кім көріп жатыр, мені кім біліп жатыр деген ой-пікірде болса, оның сырты мың жерден таза болып көрінсе де, ол тәндік – рухани пәк болмайды.

Тағы бір ескеретін жәйт мағынауи ластар көзге еленбейтін, кез келеген әдепсіз қылықтардан байқалмай көбейіп кететін болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) майда күнәлардан сақ болуға бұйырған. Өз бойын бұндай ластардан аулақ ұстамағандар міндетті түрде азапқа душар болары анық. Сөзіміздің соңын, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осындай жаман қылықтардан сақтанбай дүние салып, қабірде азапталып жатқан екі кісіге көрсеткен мейрімділігі жайлы хадиспен аяқтасақ.

Абдулла ибн Аббастан (р.а.) :

عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَبَاس رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا وَ أَرْضَاهُمَا قَالَ: مَرَّ النَّبِيُ عَلَى حَائِطٍ مِنْ حِيطَانِ الْمَدِينَةِ فَسَمِعَ إِنْسَانَيْنِ يُعَذَّبَانِ فِي قَبْرَيْهُمَا فَقَالَ: «إِنَّها لَيُعَذَّبَانِ وَمَا يُعَذَّبَانِ فِي كَبِيرٍ، بَلَى، أَمَّا أَحَدُهما فَكانَ لا يَسْتَتِرُ مِن بَوْلِهِ، وَ أَمَّا الْآخَرُ فَكانَ يَمْشِي بِالنَّمِيمَةِ» ثَمَّ دَعَا رَسُولُ اللهِ بِجَرِيدَةٍ فَكَسَرَها كَسْرَتَيْنِ ثُمَّ وَضَعَ عَلَى كُلِّ قَبْرٍ كَسْرَةً، فَقِيْلَ: يَا رَسُولَ اللهِ، لِمَ فَعَلْتَ ذَلِكَ؟ قَالَ: «لَعَلّهُ يُخَفَّفُ عَنْهُما مَا لَمْ تَيْبَسَا»

        Пайғамбарымыз ( с.а.с ) сахабаларымен бірге Медине қоршауларынан бір қоршаудың маңынан өтіп бара жатып қабірлерінде азапталып жатқан екі кісіні есітті. Сонда, Пайғамбарымыз ( с.а.с ): «Расында бұл екеуі қабірде азапталып жатыр. Бірақ ол екеуі үлкен күнә жасағандықтан жазаланып жатқан жоқ. Біреуі зәр сындырғанда  киімін зәр-нәжістен сақтамағандықтан, ал, екіншісі болса сөз тасығандықтан азабталуда, - дедіде құрма ағашының көк шыбығын алдыртып, оны екіге бөліп, екі қабірдің үстіне бір - біреуден қадап қойды. Сахабалар: Әй, Алланың елшісі ( с.ғ.с ) неге бұлай жасадыңыз,- деп сұраған. Пайғамбарымыз (с.а.с): осы екі көк шыбық кұрғап кеткенге дейін азаптары жеңілдейме деп үміттеніп жасадым, - деп жауап берді.[[18]]

Жаратқан Иеміз біздерді жаман атаулардың баршасынан аман сақтап, игі де, ізгілі істерге лайықты етіп, ой – санамызды нұрлы, тәніміз бен рухымызды пәк етсін. Әумин!

Ақтөбе медресе колледжінің директоры

А.К.Дауренбеков


[1] Хайреддин Өзтүрік, Ислам ғылымхалы, тазалық

[2] Самхуди, Әл-ғамазу ала ал-луммаз, 67

[3] Ибн Хиббан, Мажрухин 2/400

[4] Суюти, Әл-жамиғ ас-соғир 1/301

[5] Табарани, Әл-мажмуғ ал-аусат 7311

[6] Суюти, Әл-жамиғ ас-соғир 5781

[7] Сунан ат-Тирмизи, 1846

[8] Әл-Бәззар, Әл-бахру аз-заххар 4/130

[9] Әс-Санғани, Субул ас-салам 1/63

[10] Әл-Мунзири, Әт-тарғибу уә әт-тархиб 1/134

[11] Әбу Нуғайм, Хиляту әл-әулия 4/326

[12] Ахмад Шәкир, Умдату ат-тафсир 1/646

[13] Әл-Бәззар, Әл-бахру аз-заххар 10/80

[14] Табарани, Әл-мажмуғ ал-аусат 2/139

[15] Сахих Муслим, 244

[16] Ниса сүресі, 43

[17] Сахих Муслим, 135

[18] Сахиху ал-Бухари, 1361

"

23