Мақалалар

Бала тәрбиесі

02 шілде 2020

  Бала тәрбиесі ата-ананың өз-өздерін тәрбиелеулерінен басталады. Өзін-өзі тәрбиелей алмайтын адам басқа адамды тәрбиелей алмайды. «Ұяда не көрсе,ұшқанда соны іледі»дейді қазақта.

  Сәби дүниеге келгеннен оған жақсы тәрбие беру керек. Оған қатты дауыс көтеріп ұрсуға, қорқытуға болмайды. Хакимнің Ибн Аббастан риуаят еткен хадисінде Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сәбилеріңнің алғашқы сөзін «Лә иләһә иллалламен» ашыңдар әрі өлер кезінде оларға «Лә иләһә иллалланы» айтқызыңдар»,-деген.

   Үйде жағымсыз көріністер көрсетілмеу керек. Бұл әрекеттер баланың жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Сонымен, бала тәрбиесінің алғашқы кезеңі дүниеге келгеннен басталды. Жаңа туылған нәрестеге ыстық ықыласпен, мейірім мен сүйіспеншілікпен қарау керек. Алғашында мұның барлығын оның анасы береді. Дегенмен мейірімнің өзі мөлшерімен берілуі тиіс. Асыра еркелету нәрестенің өзімшіл болып өсуіне әкеліп соғады. Алланың елшісі  (с.ғ.с.) «Біреулеріңнің баласына әдеп үйретуі оған әрбір күні жарты сағ (бір уыс бидай не құрма) садақа бергеннен артық»,-деген. Баланы үлкенді құрметтеуге, олармен дұрыс әңгімелесуге, әдепті болуға үйрету керек. Алланың елшісі (c.ғ.с.): «Кішкентайларымызға мейірімді болмаған әрі үлкендерімізді құрметтемеген адам бізден емес»,-деп айтқан.

   Қандай жағдай болмасын ата-ананың баласына жалған сөйлеуіне болмайды. Оған дәлел ретінде мына хадисті келтіруге болады. Абдулла ибн Амир былай дейді: «Бір күні үйімізде Алланың елшісі (с.ғ.с.) отырғанда анам: «Бері кел, бірдеңе беремін»,-деп мені шақырып алды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Оған не бермекші едің?»-деп сұрады. Анам: «Бір түйір құрма бермекші едім»,-деді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.) «Егер ештеңе бермегеніңде саған бір өтірік жазылар еді»-деді.

    Жалпы бала тәрбиесінде-Құран мен пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне сүйену керек. Отбасы үшін әкенің жауапкершілігі аса зор. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Адам қайтыс болғанда оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы немесе пайда келтіретін білімі немесе артынан дұға  қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық амалы тоқтайды».

   Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деді: «Сәбиге жеті жастан намаз үйретіңдер, ал ол он жасқа жеткенде қағып үйретіңдер». (Термези риуаяты).

   Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулаңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында Құранды көтергендер (жаттағандар) ешқандай көлеңке болмайтын күні (Қиямет күні) Алланың Аршысының көлеңкесінде болады». (Табарани риуаяты).

    Ата-ана баласын нағыз шынайы мұсылман етіп тәрбиелесе, олардың балалары Қияметте жәннәт қақпасының алдында отырып: «Әке-шешем кірмесе мен де кірмеймін»,-деп отырады. Осындай ізгі ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға екі дүниеде де шексіз құрмет бар.

   Ислам негіздері жалпы баланы иманды болумен бірге Отан сүйгіштікке және Отанын қорғай алатын азамат етіп баулуға бұйырады. Омар ибн Хаттаб (р.а.) Шам еліне жазған хатында: «Балаларыңа жүзуді, садақ атуды және ат өнерін үйретіңдер»,-деген.

   Жалпы бала тәрбиесіне әсер ететін факторлар, я болмаса тәрбиешілерді атап айтсақ. Олар: ата-ана, ата-әже, туған-туыс, мұғалім-тәрбиешілер мен қоршаған ортасы десек болады.  «Ұлың өссе ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе қызы жақсымен көрші бол».

   Абай атамыз: «Адамның жақсы болуы тегіне емес, тәрбиесінде, ақылында,өнер-білімінде. Адамға үш түрлі адамнан мінез жұғады: ата-анадан,ұстазынан,досынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көбірек жұғады. Балаға жақсы және жаман мінез жұқтыратын өзіміз екенбіз.

  Баланы жасынан ізгілікке,адамгершілікке тәрбиелемеген соң есейген кезде олар ешкімге де опа бермейді. «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы-еңбек пен ата-ана үлгісі»,-деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, Ата-ананың есейіп қалған балаларына еңбек етуге үйретіп, кей істерде ақылдасып, одан кеңес сұрап отырғаны дұрыс.

  Жоғарыда айтқанымдай, бала тәрбиесі ата-ананың өз-өздерін тәрбиелеулерінен басталады.  «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды».  Бақытты бала бақытты отбасыда тәрбиеленеді.

Елмұрат Өтешұлы

6