Жаңалықтар

Карантиндегі концерт: «Рухани жаңғыру»

10 желтоқсан 2020

"

2020 жылы желтоқсан айының үшінші жұлдызында, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» аясында қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ұлы тұлғаларының өмірі мен өнегесіне арналған «Озық ойлы оқырман» атты интеллектуалды сайысы ұйымдастырылды. Ең алдымен әр курстан 3 шәкірт тағайындалып, 9 қатысушыға жеребе тасталды.

Жарыста жалындаған рухты оятатын жігерлі әуенмен бейнебаян басталды. Екі жүргізушінің мәнерлі мәтіндерімен Ыбырай, Абай, Шәкәрім бабаларымыздың өскелең ұрпаққа қалдырған мол мұралары айтылды. Жүргізушілер 3 топтан құралған шәкірттерді ақындар ізімен таныстыра кетті. Ұстаздардан тағайындалған әділқазылар да оң бағасын беруге тырысты.

Сайыстың шарттары төмендегідей:

Бірінші айналым: Ақындарды таныстыру:

1. Ақын өмірінен жалпы мәлімет;

2. Дінмен байланысты тұстары;

3. Қандай дәрежеде танылуы; – жөнінде сөз қозғайды. Бұл жерде реттілік есептелмейді. Шәкірттердің ой жүйріктігі мен жеткізе білуі маңызды рөл атқарады. 

Екінші айналым: «Тездет, бірақ қателеспе!». Әр топқа 6 сұрақтан қойылады. Бір сөзбен «иә» немесе «жоқ» деп жауап береді. Бір минут уақыт беріледі. Үш топтың да жауабы тыңдалады.

Үшінші айналым: «Кітаптар сөйлесін» деп аталады. Үш топ өз  кітап төңірегінде ой қозғап, көрермендерге қызықтыра бейнелеуі керек.

Төртінші айналым: «Ұщқыр ой» сайысы. Командалар дайындаған сұрағын қалған екі топқа қояды. Ол сұрақ ұшқыр ойға негізделіп қойылуы керек. Сайыстың соңында ұпайлары тең болып қалған жағдайда қосымша сұрақтар беріледі.

         Әр айналымның айрықша атқарар еңбектері зор болған сайыскерлердің дайындықтары жоғары дәрежеде көрінді. Ақындарды таныстыру кезінде үш жүйрік те көріністерімен көрерменнің көңілінен шықты. Жалпылама берілген сұрақтарға қатысушылардың біразына ойландырар сұрақтар түскен соң, логикалық пайымдарымен жауап берді. Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» жазбасынан, Абай Құнанбаевтың «Отыз сегізінші» қара сөзінен, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» кітабынан айтылған ой мен жеткізген newsы тыңдаушыларға үлкен әсер қалдырды. Ұшқыр оймен ұштасқан сұрақтардың легіне жауап беру де қатысушылар үшін аса қиындық тудырмады.

«Үш мықтыдан кім ұтты?» деп отырған көрермендерді көп күттірген әділ басшылар да оңайлықпен шешім шығара қоймады, үш топқа да қосымша сұрақтар қойылды. Барлық сайыста да мүдірмей өткен «Абай асылдары» тобы бас жүлдеге ие болды. Қарсыластары да осалдық танытпастан, теңдей нәтиже көрсеткендері қазылар алқасын біраз әуреге салып, ойландырып тастады. Топтық жұмыстың толыққанды көрінуін бағамдаған соң ғана «Ыбырай айтқыштары» ІІ-орын алып, «Шәкәрім шыншылдары» ІІІ-орынды қанағат тұтты. Жеке-дара марапаттар да беріліп, «Шебер актер» номинациясымен Курманалиев Асқар, «Ізденімпаз ғалым» атағын Марданов Ерлан, «Ұшқыр ойлы оқырман» саналған Парда Әлішер, «Білімді білгір» болған Султамуратов Айдар иеленді. Көнемізді жаңартып, жаңашылдыққа бет бұруға дайын тұратын жалынды жастардың сахналық талғамдарын тамаша бағалаған көреремендер мен әділқазылар да риза болғанын айта кетпесек жөн болмас.

"

3