Жаңалықтар

Ашылу салтанаты

16 желтоқсан 2020

"

  • Өзіндік тарихынан сыр шертетін бүгінгі мен болашақтың іргетасын қалаған жаңа оқу ғимаратының 2018 жылы құрылысы қолға алынып, 2020 жылы қолданысқа берілу жоспарланған болатын. Келешектің кемеңгерлерлерін көруді көздеген, бүгінгі жұмысын жоспарлап, жақсылықта жарысуда жалықпайтын демеушілер көмек қолын ұсынып, 3 қабатты оқу корпусы 2020 жылдың 16 желтоқсаны күні  тарихта тағы да таңбаланып, ашылу салтанатының ізін қалдырды.

Тәуелсіздігіміздің құрметіне егемендігіміздің тұғырын биіктетіп, туымыз жоғары көтеріліп, әнұранмен басталған ашылу салтанатын Ақтөбе облысына танымал Ерлан Отарбай бауырымыз жүргізуші қызметін атқарды. Алға ауданының әкімі Мамырғали Досқұлұлы мен Ақтөбе медресе колледжінің директоры Дәуренбеков Әбдімүтәлі және  ҚМДБ-ның Халықаралық және ішкі істер жөніндегі кеңесшісі Мекежанов Балтабай Уәжитұлы, басқа да беделді тұлғалар сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жаңа оқу ғимаратының жұмысына табыс тіледі.

Айтулы іс-шараға еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚМДБ-ның Халықаралық және ішкі істер жөніндегі кеңесшісі Балтабай Мекежанов, ҚМДБ-ның «Шариғат және Пәтуа» бөлімінің басшысы Сансызбай қажы Шоқанов, Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов, Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби қажы Оспан арнайы шақырылып, жергілікті діни қызметкерлер мен кәсіпкерлер, одан өзге Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Атырау қалаларынан арнайы келген қонақтармен қоса, медресе түлектері қатысты.

Егеменді еліміздің ертеңі болған жастардың болашағына ықпал етіп, Қасиетті Құран ілімін үйретудегі қосқан үлестері үшін А.О.Қонысбаев, М.Д. Аққағазов, А.Б.Шахаров, С.К.Шоқанов, А.Ә.Садиев, Б.У.Мекежанов, С.Н.Сүйеубаев «Құрмет грамотасымен» марапатталып,  Ақтөбе медресе колледжінің «Мухаммадия» төсбелгісі табысталды. Жаңа ғимаратқа тарту ретінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының атынан «Алланың атымен бастаймын» атты араб сөзімен өрнектеліп жазылған жарға ілетін сурет, Алға ауданының әкімшілігі атынан компьютер және медресе түлектері атынан ұлағатты ұстаздарына шапан жауып, екі кір жуатын машина сыйға берілді. Ашылу салтанатын ресми түрде Мамырғали Аққағазов пен Балтабай Мекежанов лентасын қиды.   

Оқу корпусының жалпы аумағы – 2268 м2 құрайды. Ғимараттың бірінші қабатында ұстаздар және директор кабинеті мен оқу сыныптары орналасқан, екінші қабаты болса тұтастай сыныптарға арналған, ал, үшінші қабатында компютерлік сыныптармен бірге АКТ залы, арнайы кітапхана,  есепшілердің кабинеттері бар. Ғимаратта химия, физика, матеметика, биология, АӘД сыныптары және қазақстан тарихы, қазақ, орыс тілі сынды әлеуметтік және гуманитарлық пәндерге арналған сыныптар мен арнайы медпункт кабинеттері де қамтылған. Студенттерге арналған  арнайы қос қабатты жатақхана  бар. Жатақхана аумағы – 1769 м2. Бұл жатақханада студенттердің дәретханасы, намаз оқитын бөлмесі, демалыс бөлмелері  қарастырылған. Аумағы – 250 м2  болатын 250 орындық арнайы салынған бір қабатты  асханасы жұмыс жасайды. Асхана ішінде жергілікті СЭС-тің талаптарына сай қол жуатын орындар мен ас әзірленетін, ыдыс жуатын бөлемелері гардероб және қойма бар. Сонымен қатар, студенттерге салауатты өмір салтын еркін ұстанулары үшін жабық спорт зал кешені осыдан бір жыл бұрын шәкірттер игілігіне берілген болатын. Спорт кешенінде дене шынықтыру ұстазының кабинеті, киім ілуге арналған және  жуынатын орындар, спорт жабдықтарын сақтайтын бөлмелер мен дәретхана т.б. қажетті бөлмелермен жабдықталған. Ғимараттың аумағы – 900 м2. Сонымен бірге, жаз айларында ашық аспан астында еркін ойнай алатын аумағы 0,0948 м2 болатын жасанды көгалдандырылған ашық футбол алаңы да бар.

Ғимараттың жалпы құрылымымен танысып болған соң, қонақтар арнайы әзірленген дастарханнан дәм татып, ізгі ниет пен құттықтауларын жалғастырып, құран бағышталып, ауыл ақсақалы батамен ас қайырды. Медресе ұжымының атынан кәсіпкерлер мен беделді қызметкерлерге алғыс хат табысталды.

Дәстүрі мен тарихын бойына сіңірген  білімді де білікті дін мамандарын даярлап, сол арқылы  еліміздің келешегі болған жастарды  имандылыққа баулу,  елін, жерін сүйетін ұлтжанды етіп тәрбиелеп,  қоғамда өзіндік орны бар тұлға етіп қалыптастыру оқу ордасының басты мақсаты екені анық.

"

15